Астана қаласындағы кәсіпкерлерді қолдау орталығында өткен көрмеде Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданынан келген жеке кәсіпкер Ботагөз Шыңғысованың қақ кептіру құрылғысы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Оның ойлап тапқан дүниесі соншалықты қарапайым екен әрі оны біз күнделікті тұрмыста көріп келеміз. Бір әттеген-айы, осы бір құрылғыға жіті көңіл бөліп, байыбына бара бермейді екенбіз. Бұл – кәдімгі бау-бақша өнімдерін табиғи жолмен кептіру құрылғысы.
Жеміс-жидек пен көкөністерді күн сәулесі арқылы инновациялық тұрғыда кептіру – ең тиімді жоба түрі болып табылады. Күн сәулесіне кептірілген өнім, ең алдымен, өзінің табиғи қалпын сақтайды. Сондықтан да бұл қауіпсіз, әрі өте пайдалы. Жемісті кептіру барысында ешқандай химиялық қоспалар қосылмайды. Бұл орайда, кептіру құрылғысындағы желдің бағыты мен күннің қауіпсіз сәулесін тиімді пайдалану барысында бақша өнімдерінің бойындағы дәрумендер толықтай сақталады әрі ұзақ мерзімге бұзылмау қабілетіне ие болатындығын айтады Ботагөз ханым. Оның пікіріне сүйенсек, бұл жоба ауылдағы қыз-келіншектер қауымы үшін қосымша табыс көзі де бола алатын көрінеді. Мысалы, ауласында кішігірім жері бар әрбір ауыл тұрғыны осы кептіру құрылғысының бір данасын орнатып алса, ең алдымен өз отбасын табиғи дәрумендермен жыл бойы қамтамасыз ете алады. Екіншіден, жұмыссыз болған жағдайда қарап отырмай осы іспен айналысып, өздерінен артылғанын сатып, пайда табуға мүмкіндік туады. Ал егер қызмет аясын кеңейтсе, бұл өзі тұнып тұрған таза бизнес. Әрі балаларды еңбекке баулудың да бірден-бір тиімді тәсілі. Содан кейінгі тағы бір мәселе – отбасын асырап, балаларын жетілдіру қамымен қыз-келіншектеріміз көше кезіп, қала аралап кетпейді. Себебі, қазіргі кезде арнайы білімі жоқ ауыл әйелдерінің үлкен қалаларға барып, жұмыс істеймін деп отбасы, ошақ қасынан жырақтап жатқан оқиғалар аз емес. Бұл өз кезегінде шаңырақтың шайқалуына сеп болып та жатады.
«Міне, біздің идеямыз ауыл әйелдерін шағын кәсіпке үйрету арқылы, отбасы құндылықтарының артуына тамшыдай болса да үлес қосу. Бұл ойымыз іске аса бастағандай. Жалпы, өзіміз Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында тұратындықтан, ол жақта алма өнімі жетіп, артылады. Тек сол бұйырған ризығымызды игере алмай жатқанымыз өте-мөте өкінішті, – дейді Ботагөз Шыңғысова.
Ал енді кептіру құрылғысының жасалу ретіне келер болсақ, аса қатты немесе қалың емес металдан қаңқасын құрап, күннің ультракүлгін және өзге де зиянды сәулелерін өткізбейтін күміскүлгінді фольга қоспасы бар пластикалық қалқанша күнқағарды тік тұрғызылған бағанаға сүйірлеп тіреп қояды да, оның астына арасынан жел өткізуге қабілетті тор орнатылады. Міне, осы тордың бетіне кез келген жеміс-жидек пен көкөніс сынды бақша өнімдерінің барлығын да біркелкі етіп жайып, тәулік ішінде кептіріп алуға болады. Кептірілген қақты талапқа сай сақтай алса, оны бірнеше жылдардан кейін де кәдеге жаратуға әбден болады. Бақша өнімдерінен қызылша, сарымсақ, өрік, алма, шие, аскөк, қызанақ, қияр және бұрыштың түр-түрін кәдеге осылайша жаратуға болады.
Бұлардың кез келгенін кептіру процесінен өткізсе, жыл он екі ай бойы бау-бақша өнімдеріне деген тапшылықтан арылып, ең бастысы бұлар табиғи жолмен кептірілген ақ-адал өз өнімімізге айналатындығын айтады Ботагөз. Ол арнайы лабораториялық зерттеу жүргізу арқылы Өзбекстан мен Иран, Қытай сынды шет мемлекеттерден тасымалданып, нарықта саудаланып жатқан құрғақ жемістердің әрбірін мұқият тексерген кезде, олардың химиялық қоспалар арқылы өңделгенін білген. Сонымен қатар, тауардың сыртқы көрінісінің көз тартарлықтай болуы үшін, оны қалыпты нормадан артық күкірт қышқылының улы түтінімен өңдейді екен. Қазір базарда сатылып жатқан кептірілген жеміс-жидектердің барлығы дерлік осындай өңдеуден өткізілген өнімдер. Соны жеу арқылы соңғы жылдары түрлі қышыма түрлері мен аллергия сынды сырқаттар кең етек ала бастады. Ал бала күнімізде ауылда өрік, алмаларды турап немесе сол қалпында ашық аспан аясында, яки шатыр үстіне жайып күннің көзіне кептіретін едік. Ол кезде күн энергиясы жеміске еш кедергісіз тіке бағытталған соң, өнім бойындағы кейбір ағзаға пайдалы элементтерінен айырылып, тіпті, күйіп, қарайып кететін. «Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен біз қақ кептірудің инновациялық технологияға жататын жаңаша құрылғысын ойлап таптық. Бұл заңды түрде патенттеліп, Қазақстанда ғана жасалған құрылғы», дейді құрылғы авторы.
Алайда, амал нешік: оның құрылғысын көрген жапондар оны жетілдіріп, жаңаша түрде іске асыру үстінде екен. «Яғни, астына айналмалы дөңгелек орнату арқылы күнқағар жағы күн сәулесінің бағытына қарай ілесіп бұрылатын етіп жасауда» дейді өнертапқыш. Өйткені, отандық құрылғының жұмыс істеу процесі қарапайым және өте пайдалы да тиімді. Ауа райының 25 градус ыстығында күн сәулесін зиянды элементтерден ажырату арқылы табиғи жолмен қыздырылғанда, кептіру құрылғысының ішіндегі ауа температурасының шарықтау шегі 90º градусқа дейін жетеді. Міне, асқан дәлдікпен анықталған осы нүктеге орнатылған торға қойылған жеміс бірнеше сағат ішінде табиғи ыстықпен кептіріледі. Бұл ақиқатында зиянсыз және өнімнің негізгі құрамы мен түрі өзгеріссіз қалпында қалады. Мысалы, сәбізді таңғы сегізде кептіру торына турап салсаңыз бір тәулік ішінде кептірілген дайын өнімге айналады. Ал жерге жайып кептіру жеті күн уақытыңызды алады. Бұл жерде әңгіме жылдамдық пен ыңғайлылыққа да негізделгенін ұмытпау керек. Сол кепкен құрғақ сәбізді беткі қабаты пленка, ал астыңғы қабаты фольга-пленкалы қаптама пакеттерге салып «Қазақстанда жасалған» маркасымен саудаға шығарса да болады. Сонда кепкен қақтың фольга-пакетке салынған 400 грамы ауылда 700 теңге тұрса, Астанада ол 1000 теңгеге саудаланады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
журналист.